Открытие выставок к 25-летию Независимости

2016 жылғы 28 қараша күні сағат 15.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Елбасының кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және ТМД құрылуының 25 жылдығына арналған мерекелік шаралар салтанатты түрде ашылады.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова және Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы  – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков, ҚР Парламенті депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының өкілдері қатысады.

Елбасы кітапханасында мейрам күндеріне арналған 7 көрме ашылады. Елбасының жеке мұрағатындағы бірегей құжаттар «Елбасы жолы», «Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел» көрмелерінде паш етіледі. «Әлем қадірлеген Елбасы» көрмесінде көпшілік назарына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген шет мемлекеттердің жоғары наградалары ұсынылады.  Елбасының жеке кітапханасындағы аса құнды және бірегей жинақтарды «Н.Ә. Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы», «Елбасына естелікке қолтаңба», «Егемен елдің тәуелсіздік шежіресі» көрмелерінен тамашалауға болады. Мемлекетіміздің ширек ғасырдағы табыстары мен жетістіктерін қылқаламмен сөйлеткен Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Нұржан Қарымсақовтың «Ұлы Дала елі» көрмесі ашылады.

Елбасы кітапханасында мейрам күндеріне орай бұқаралық мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады: кинокөрсетілімдер, шеберлік сыныптары, әдеби және музыкалық кештер.

Елбасының кітапханасындағы мерекелік шаралар 23 желтоқсанға дейін жалғасын табады.