ОҚУШЫЛАРҒА КВЕСТ-ОЙЫН ӨТКІЗІЛДІ

Бүгін Елбасы кітапханасында елордадағы №51 мектеп-гимназияның оқушыларына  квест-экскурсия өткізілді. Мекеменің ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралары жалғасын тауып, мектеп оқушыларының білім көкжиегін кеңейтуге септігін тигізіп келеді.

Отыз жылда ордалы елге айналған тәуелсіз мемлекеттің тарихын білу – баршаның парызы. Қазақстанның Тұғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде тәуелсіздік ұлттық, аймақтық, жаһандық өлшемде жауапкершілік жүгін артқандығын айтады. «Біз осынау ұлы тағдырды қабыл алып, бірлігіміз бен еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды».

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында егемен ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейтіндігіне баса назар аударады: «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет».

Елбасы кітапханасы музейінің залдарында өткізілген квест-ойын «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіне бағытталған. Тағлымы мол ойын барысында оқушылар әрбір кедергілердің  кілтін  таба білді. Олар әр құпия есіктерді ашу  кезінде  еліміздің азаттық алған жылынан бастап осы күнге дейінгі тарихи кезеңдеріне сипаттама берді. Осылайша әр оқушы өз елінің тарихына терең үңіліп, ой-өрістерін кеңейтті.

Квест-ойын соңында қатысушылар заманауи үлгіде салынған музей залдарын аралап, экскурсия жасады.