ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ БҮДІРШІНДЕРДІ ҚАРСЫ АЛДЫ

Бүгін астананың кішкентай тұрғындары Елбасы кітапханасын аралады. Музейге сапарды Нұр-Сұлтан қаласының «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері ұйымдастырды.

Музеймен танысарда балақайлар мен ата-аналар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Мәңгілік ел» патриоттық актісі туралы бейнематериал мен тақырыптық экспозицияларда ұсынылған бірегей экспонаттармен танысты.

Қонақтарға кең көлемді инсталляциялар, 3D форматтағы голографиялық композициялар, мэппинг-шоулар мен медиа-үстелдер үлкен әсер қалдырды. Мысалға, музейдегі кей жәдігерлерді қолға ұстап көруге болса, смарт-технологиялар арқылы кітаптар мен фотосуреттерді парақтауға болады.

Залдардың бірінде AR-технологиясы белсенді қолданылады. Планшеттің көмегімен түрлі жылдарда шыққан ұлттық валютадағы символдар мен нысандардың үш өлшемді суреттерін көруге болады.

Дегенмен, балаларға ең қызығы «Қазақстанның спорт даңқы» залы болды. Бұл жерде хоккей, бокс, велоспорт немесе ауыр атлетикадағы цифрлық қарсыласпен күш сынасуға болатын интерактивті аймақтар бар.

Дәл осы жерде тұғырға шығып, түскен суретті электронды пошта арқылы естелікке алуға болады.

Нұр-Сұлтан қаласының «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 900-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балаға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Орталық қызметкерлері болашақта мүмкіндігінше барлық тәрбиеленушілерді Елбасы кітапханасына алып келуге жағдай жасайтынын белгіледі.

 

 

Проект: