БІЗ БІЛЕТІН ЕЛБАСЫ: ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР

«Біз білетін Елбасы» жобасының кезекті шығарылымы қалың кітаптың екінші томына арналады. Таңдамалы әңгімелерді қамтитын оның алғашқы бөліміне Қ. Абдуллаев, Қ.Әлиев, Б.Ахметқалиев, М.Жұрынов, М.Ахметова, Ө.Әкімов, Ү.Байжомартов, С.Досмағамбетов, С.Құбашев, Қ.Салғараұлы, И.Сауэр, Р.Сисатов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің естеліктері кірген.

Тарихи деректерден сыр шертетін жазба авторларының бірі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерия академиясының академигі Қалық Абдуллаұлы өткен күндерге ой жүгіртіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын еске алады. Ол әл-ауқаты мен экономикасы төмен, бәсекеге кабілетсіз жас мемлекеттің әлемдік өркениетте қай жолмен танылып, ненің арқасында болашаққа нық қадам басқанын келтіреді:

 – 1982 жылдың маусымында Шымкент қаласында республика облыстарының ауыр өнеркәсіп жөніндегі хатшылардың, ірі зауыттардың басшылары мен жетекші мамандардың басын қосқан үлкен жиын өтті. Жиынға келген делегациялардың мүшелеріне сол кездегі Шымкент облысының (қазіргі Түркістан облысы) бес өнеркәсіп ошақтары көрсетілді. Оның ішінде Қызылорда, Шымкент және Жамбыл облыстарын электр энергиясы және жылумен қамтамасыз ететін «Южказэнерго» аймақтық басқармасы болды. Делегация мүшелері біздің басқарманың қызметі және материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Осы кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен жүздесудің сәті түсті. Ол кісі мекеменің материалдық-техникалық жабдықтары туралы сауалдар қойып, қызмет сапасын арттыру жөнінде пікірін білдірді. Сонымен қатар, энергетика саласында ұлт кадрларын даярлау қажеттігін ерекше атап өтті. Арада біраз уақыт өткеннен кейін шақыру бойынша Орталық комитетке келдім. Рұқсат қағазда Нұрсұлтан Әбішұлының кабинеті жазылған екен. Ол кісі жылы жүзбен өте жақсы қабылдап, мені республиканың Энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметіне ұсынғанын айтты. «Бюро мүшелерінің бәрімен келістім, жарты сағатта сені Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қабылдайды», – деді. Содан Дінмұхамед Ахметұлының қабылдауында болып, нәтижесінде Энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалдым. Сол кезде алдымызда үлкен мақсат-міндеттер тұрды. Соның ішіндегі ең маңыздысы – «Бүкілодақтық құрылыс» деп белгіленген «Екібастұз отын-энергетикалық кешенін» құру міндеті болатын, - дейді ол.

Өз естелігінде Қалық Абдуллаұлы теңдесі жоқ жобаны жүзеге асыруда, әсіресе құрылыс барысында көп қиындықтардың туғанын жазады. Әуелі, жұмыс күші жетіспеді. Білікті мамандардың тапшылығы қол байлады. Қажетті құрал-жабдықтар осы кешенге арнап арнайы шығарылғанымен, оның да кемшіліктері болды. Деседе еш қиындықтарға қарамастан, бұл жоба іске қосылды. Нәтижесінде аталмыш кешен бүгінгі Қазақстан энергетикасының күретамыры мен мақтанышына айналып отыр.

Тәуелсіздік жылдары экономикалық ахуалымыздың төмен болғаны рас. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу оңай іс емес. Кеңес үкіметі кезінде жұмыс істеп тұрған өндіріс ошақтары мен зауыттардың арасында қарым-қатыныстар үзіліп, барлық кәсіпорындар тоқтап қалды. Елде жұмыссыздықтың көбейгенін Қалық Абдуллаұлы да жазады:

– Зейнетақы, жәрдемақы мен жалақылар төленбеді, әлеуметтік мәселелер етегін кең жая бастады. Осындай қиындықтарды еңсеру үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті тарихи шешімдерге барды. Мәселен, еліміздің қазба байлықтарын игеруге шетелдік инвестицияларды тартуға шешім қабылдады. 1992 жылдың 8 маусымында Қазақстан Республикасының Шетел инвестициялары жөніндегі ұлттық агенттігі құрылды. Президенттің жарлығына сәйкес, агенттік төрағасының қызметіне мен тағайындалдым. Нұрсұлтан Әбішұлы «Теңіз» кен орнын игеру жөніндегі бұрынғы КСРО мен Chevron Corporation корпорациясы арасында келісім орнатуды тапсырды. Шетелдік инвесторлармен байланыс орнату және келіссөздер жүргізу – мемлекеттің мүддесін қорғаумен қатар жүруі тиіс күрделі мәселе. Қос тарап келісімге қол қоюға бірдей мүдделі болса да, табыстың серіктестер арасында бөлінуі, салық тәртібі сияқты күрделі мәселелер шешімін талап етті. Бірлескен қызметке қатысты келіссөздер ұзаққа созылды. Күрделі келіссөздер үдерісінің басы-қасында жүрген Қазақстан Президенті «Теңіз» жобасының тағдырын шешуге тиіс болды. Нәтижесінде ол 1993 жылы Chevron Corporation корпорациясының басшылығына жеделхат жіберді. Онда Қазақстан басшысы КСРО тарағанға дейін қол қойылған келісімнің шартын өзгертуді талап етті. Қазақстанның жаңа ұсынысына сәйкес келісім бойынша кен орнының пайдалануға берілетін аумағы 23 000 шаршы шақырымнан 4000 шаршы шақырымға азайтылады, келісімшарт мерзімі 50 жылдан 40 жылға қысқарады, үлестірмелі пайданың 29 пайызын талап еткен американдық тарапқа 19 пайыз беріледі. Қазақстан салықты қоса есептегенде қалған 81 пайызды иемденеді. «Егер біздің талаптарымыз бір аптаның ішінде қабылданбаса, біз келіссөздерді тоқтатуға және халықаралық конкурс жариялауға мәжбүр боламыз», – деп Қазақстан Президенті осы мәселедегі соңғы шешімін айтты. Бірнеше күн өткеннен кейін Chevron Corporation компаниясының вице-президенті Ричард Мацке Алматыға келіп, Қазақстанның ұсыныстарын қабылдауға дайын екендігін мәлімдеді. Осылайша 1993 жылдың 6 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев пен Chevron Corporation корпорациясының басқарма төрағасы К. Дерр «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы меморандумға қол қойды.

«Ғасыр жобасы» деп аталған бұл тарихи құжат шын мәнінде бүкіл посткеңестік елдер арасында баламасы жоқ «Теңіз» кен орнын игеруге жол ашты. Ол Қазақстан ғана емес Chevron Corporation корпорациясы үшін де ірі халықаралық келісім болды. Дүниежүзі үшін екі ел арасындағы мұнай келісімшарты экономикалық әрі саяси жаңалық болды. АҚШ-тың ірі корпорациясы жас тәуелсіз елдің мұнай нарығына аяқ басты. Осы құжат халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімін арттырды және оның халықаралық аренада қолайлы имидж қалыптастыруына жағдай жасады. Осылайша Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың келіссөздер жүргізу барысына тікелей қатысуының арқасында уақыт өте келе «Теңізшевройлды» Қазақстанның мұнай өндіру саласының әрі әлемдік деңгейдегі көмірсутегін тасымалдаудың көшбасшысына айналдырған бірінші ірі жоба іске қосылды.

– Бүгінгі Қазақстан – қоғам өмірінің барлық салаларында озық тәжірибені игеріп, оң өзгерістерге қол жеткізген, экономикасы, білімі мен мәдениеті тұрақты дамыған, ынтымағы жарасып, татулық пен келісімнің негізінде берік нығайып келе жатқан еңселі ел. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлем көз тігіп қарайтындай әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жеткіздік. Егеменді еліміз жыл өткен сайын жаңарып, экономикасының серпінді дамуымен алға нық басып келеді, - дейді Қалық Абдуллаұлы.